«Ақмола облысы білім басқармасының Бұланды ауданы білім бөлімі Макинск қаласының
Балуан Шолақ атындағы мектеп-лицейі коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Балаға кешірім сұрауды қалай үйретуге болады?
Балалардың түрлі себептерге байланысты кешірім сұрағысы жоқ. Бірі өзінің айыбын түсінбесе, басқасы ата-анасына еліктейді немесе мінез-құлық ерекшеліктеріне де байланысты болып жатады. Одан бөлек кейде ересектер өздері қатты болуды, есесін жібермеуді үйретіп жатады. Ал кешірім сұрау сынды маңызды дағдыларға көңіл аударылмай қалып жатады.
Ренжітіп қойған адам алдында кешірім сұрау – тек бос рәсімділік қана емес. Бір жарым-екі жасар балалардың әлеуметтік қарым-қатынасы ойын алаңынан бастау алады. Осы жерде тек қана ұнату немесе достасу емес, алғашқы «қақтығыстар» да пайда бола бастайды. Баланы жанжалдан өз бетімен және абыроймен шығуға үйрету маңызды. Себебі уақыт өте баланың араласатын ортасы ұлғая түседі. Өкінішке орай даулы жағдайлардың болып тұратыны анық. Сол үшін өз қателігін мойындап, кешірім сұрай білу болашақта керек болатын қасиет.
Бала жасаған олқылығы үшін кешірім сұраудың аздық ететінін, өз ісіне жауапкершілік алудың маңыздылығын түсіне білуі керек:
1. Ерте жастан бастау. Кешірім сұраудың маңыздылығын балаға екі жасынан бастап айту керек. Әлбетте, алғашында бала басқа баланың ойыншығын тартып алғаны үшін неге «кешір» деп айтуға міндетті екенін түсінбеуі мүмкін.
2. Дұрыс кешірім сұрай білу. Жәй ғана «кешір» деп құтылып кетуге болмайды. Адамның ҚАЛАЙ кешірім сұрағаны да үлкен рөл атқарады. Мысқылдап, көзге тік қарамай, шынайы емес кешірім сұрау басқа адамды одан сайын ренжітуі мүмкін.
3. Үлгі көрсету. Адамның барлығы қателеседі және ата-ана да баланың алдында кінәлі болып қалуы мүмкін. Ата-ана қателік жіберсе, қатені мойындағаны дұрыс. Мәселен, «Саған қатты айқайлағаным үшін кешірші, жаным. Бұл дұрыс болмады», - деген сөздер балаға «кез келген адамның қателесуі мүмкін» деген ой тастайды. Кешірім сұрау арқылы ешкімнің беделі түспейді, керісінше бұл саналы адамның қасиеті.
4. Жанашырлық танытуға баулу. «Қарашы, сен ұрғаннан кейін Арманның қолы ауырып тұр. Ол жылап жатыр. Бәрі дұрыс па екен, қарап көрейік!» . Осы сынды сөздерден кейін бала жасаған әрекеті мен басқа балалардың реакциясы арасындағы байланысты ұғынады.
5. Зардаптар мен салдарын түсіндіру. Бұрыс қылықтар орын ала беретін болса, кешірім сұраудың еш мағынасы жоқ. Кейде ата-аналар жәй сөздерге ғана көп мән беріп, қиын мәселе тудыра беретін баланың теріс қылықтарына назар аудармайды. Балаға әрекетінің нәтижесінде орын алатын зардаптар туралы ескертіңіз. Мысал: «Егер де сен бұзық бола берсең, біз енді ойын алаңына келмейміз. Келген күннің өзінде де сенімен ешкім ойнамай қояды. Достарың сенімен сөйлеспей қойса қалай болады?».
Өз қателіктерін мойындап, кешірім сұрай білу – баланың тұлға болып қалыптасуындағы маңызды факторларының бірі. Бұл орайда барлық нәрсенің қалыптасқан шегі бар екенін ұмытпаған жөн. Мәселен, бала тек өзінен болған олқылыққа ғана кешірім сұрау керек екенін білуі қажет. Егер ол кез келген мәселе бойынша кешірім сұрай беретін болса, балада белгілі бір комплекстер пайда болып, өзіне де, сөзіне де сенімсіз адамға айналуы мүмкін.
Баланың кешірім сұраудан бас тартуынының көптеген себебі болуы мүмкін. Қандай жағдай болмасын, ата-анаға асқан сабырлық таныту маңызды, себебі баланың психологиялық денсаулығы өте нәзік келеді.