Қазақ студенттері «Stipendium Hungaricum» стипендиялық бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Венгрия Республикасының адами ресурстар министрлігі арасында қол жеткізілген келісімдердің арқасында Венгрияның жоғары оқу орындарында тегін оқи алады, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
30.01.2022
«Қазір біз осындай үкіметаралық келісімдер аясында оқуға үміткерлерді іріктеу ережелерін жетілдіру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін, мысалы, көп балалы отбасылардан шыққан балалар, жетім балалар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар, сондай-ақ ауылдық жерлерден келген үміткерлер үшін артықшылықтар қарастырылады», деді Халықаралық бағдарламалар орталығының басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин.
«Stipendium Hungaricum» стипендиялық бағдарламасы қазақстандықтарға келесі бағдарламалар бойынша 250 грант береді:
Бакалавриат бағдарламасы бойынша - 110 орын;
Магистратура бағдарламасы бойынша - 90 орын;
Бакалавриат+магистратура бағдарламасы бойынша - 30 орын;
Докторантура бағдарламасы бойынша - 20 орын.
Гранттар Венгр тілінің тілдік курстарына, академиялық оқуға, жатақханада тұруға, медициналық сақтандыруға жұмсалатын шығындарды өтейді, сондай-ақ студенттерге ай сайынғы стипендия төленеді.
Оқыту ағылшын және венгр тілдерінде жүргізіледі. Үміткерлер венгр тілінде оқуды таңдаған кезде венгр тілі бір жыл бойы оқытылады.