05.02.2021
OnlineMektep білім платформасы мен ZOOM жүйесінің интеграциясы жасырын кибер-бұзақылардың шабуылдарынан қорғануға және портал қолданушыларының танымал халықаралық видео-конференция қызметін тегін пайдалануына мүмкіндік береді. Бұл туралы карантин жағдайында еліміздегі мектептерде қашықтан оқытуды ұйымдастыру мәселелері жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-конференциясында айтылды, деп хабарлайды, edunews.kz Ақпарат Агенттігі ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасап.
Бәрімізге белгілі, көктемде COVID-19 пандемиясының таралуына байланысты қазақстандық мектептер жаппай қашықтан оқыту жүйесіне көшті. Мұғалімдер мен оқушылар оқу жылының IV тоқсанын қашықтан оқып, көпшілігі жаңа оқу жылын да осы форматта жалғастырып жатыр. Бірақ еріксіз міндеттелген қашықтан оқыту форматы туралы негізсіз пікірлер қалыптасып, түрлі қиындықтар туындады. Қашықтан оқыту жүйесінің жұмысы қалай жүреді және оны кімдер ұйымдастырады? Контент пен оқыту әдістемесінің қандай түрлері қолданылады? Кибер-бұзақылардың шабуылдарынан қорғанудың жолдары қандай? Көпшіліктің көкейінде осындай өзекті сұрақтар туындады. Қашықтан оқытуды ұйымдастыру және оның әдістемелік әрі техникалық ерекшеліктері төңірегінде осы және өзге де сұрақтарға қазақстандық педагогтар мен оқушылар арасында кең қолданысқа ие OnlineMektep білім платформасының мамандары жауап берді. Брифингке түрлі платформа мен жаңа технологиялық құралдарды белсенді пайдаланып жүрген елорда мен өзге аймақтардағы мектеп мұғалімдері қатысты. Баспасөз жиынына қатысушылар OnlineMektep платформасында әр сыныпқа жеке сабақ кестесін құру, арнайы дайындалған контент көмегімен оқытудың тиімді жолдарын ұйымдастыру, бейне-сабақтар өткізу, оған қоса, үй тапсырмасын беру және оны тексеру, мұғалім мен оқушы байланысын қамтамасыз етуге қатысты ақпарат беріп, портал жұмысымен таныстырды. Жиын барысында жоба мамандары OnlineMektep порталы мен әлемде видеоконференция қызметін ұйымдастыру бойынша өте танымал ZOOM платформасының интеграциясы жасалып жатқанын мәлімдеді. Мұндай интеграция қазақстандық мұғалімдер мен оқушылардың ZOOM мүмкіндіктерін тегін пайдаланып, сондай-ақ, кибер-бұзақылардың шабуылдарынан сақтануын қамтамасыз етеді. Бұл әлеуметтік жоба болғандықтан мамандар платформа қызметіне (жұмысына) қызығушылық танытқан әр адамның сұрағына жауап беріп, пікірін тыңдауға дайын екендерін жеткізді. «Биыл еліміздегі 3,5 мың мектеп OnlineMektep негізінде оқытуға көшті. 1 қыркүйектен бастап күнделікті 1,5 миллион оқушы осы платформа арқылы білім алуда. Сайтқа күнделікті миллионнан аса жеке қолданушы кіреді, сайт беттерінің көрілімі шамамен 30 миллионға жуық. Платформа Bilim Media Group компаниясы мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» АҚ серіктестігі негізінде жасалған. Сабақ материалдарын дайындау және портал қызметін жақсарту жұмыстарына компания қызметкерлері мен НЗМ үздік мұғалімдері, жалпы саны 800-ден аса маман атсалысуда. Қазір платформаға оқу жылының I тоқсанындағы 42 пән бойынша 2 тілде 5 700 сабақ пен 140 мың жаттығу жүктелген. Оқу жылы басталғалы бері мұғалімдер порталда 3 миллионнан аса онлайн-сабақ өткізді, сайт беттерінің қаралымы 160 миллионға жетіп, 500 миллионға жуық жаттығу (тапсырма) орындалған. Әр секунд сайын 70 мыңнан 80 мыңға дейін жеке қолданушы платформа қызметін бір мезетте пайдаланады. Портал контентін әзірлеуде оқытуды жеке тұлғаға бейімдеу және елімізде озық технологияларды қолдану ерекшеліктері ескерілді. Платформа қолданушылары виртуал сыныптар мен жеке топтарды, арнайы сабақ кестелерін, сыныппен немесе әрбір оқушымен жеке сөйлесу чатын құрып, видео-конференция режимінде сабақ өткізеді. Оқытушы оқушыға үй тапсырмасын береді, оны тексеріп әрі бағалай алады. Сондай-ақ, мұғалім қалауы бойынша арнайы конструктор арқылы жеке сабағын дайындай алады», - деді Bilim Media Group директоры, OnlineMektep жобасының жетекшісі Санжар Кенжеханұлы. Қазір OnlineMektep.org командасы оқу жылының II тоқсанына арналған контентті дайындаумен айналысып жатыр. Ол күнтізбелік-тақырыптық жоспарға сәйкес, шамамен 6 мыңдай сабақтан және 150 мыңнан аса жаттығудан тұрады.